СМИ о нас

Былтыр елімізде 90 млн тоннадан астам мұнай өндірілді. Жылдық ІЖӨ-нің 17 пайызға жуығы осы саланың үлесінде. Отандық мұнай-газ сек­торының әлеуметтік һәм экономикалық маңызы зор тармағы – сервис са­ла­сы. Онда қызмет ат­қа­ратын адам саны да көп, түсетін салық та ко­мақ­ты. Қазақстан мұ­най-сер­вистік компаниялары қауым­дастығының бас­ш­ы­сы Рашид Жақсы­лықовпен салаға қа­тыс­ты әңгімелескен едік.

– Мұнай сервистік компа­ния­­­ларда қазақ­стан­дық­тар­дың үлесі аз дегенді жиі естиміз...

– Бұл сала әртүрлі сегментке бөлінеді. Статистика бойынша, құрылыс саласындағы үлес – 65 пайыз, тасымалдауда – 18 пайыз, тамақ, жатын орынмен қамту – 90, жобалау жағында – 50 пайыз. Бірақ бұл статистика­ға күмәнмен қараймын. Айта­лық жобалау сегменті 5 сатыдан тұ­­ра­ды. Соның соңғы сатысы ғана Қазақстанда дайындалады. Біз­дің ұсынысымыз бойын­ша Мемлекет басшысы былтыр 5 қыркүйек күні Атырауға бар­ған сапарында мұнай-газ сала­сында жобалауға қатысты жұмыс­тардың бәрі Қазақстанда орындалуы тиіс деген талап қойды.

Жобалау саласында ұсақ және ірі компанияларымыз бар. Ортаңғы топ жоқ. Шетелдіктер тек ірі компаниялармен ғана әріптес болуға тырысады. Ал орта компаниялар қалтарыста қала береді. Мұнай-газ сала­сында орта тап қалыптасу үшін жобалаудың 5 сатысы да Қазақ­стан­да өту керек. Біз ондай дең­гейге көтеріле алмай жатырмыз.

Шетелдік компаниялар шикі­затқа бай елдерде өз мем­лекетінің меншігін көбейтуді армандайды. Бұл барлық ел жүріп өткен тәжірибе. Мұнай-газ саласы сөз болса, бізді араб елдерімен салыс­тырады. Ал сол араб елдерінде алғаш инвесторлар келген кезде мұнай-газ саласындағы араб­тардың үлесі 5 пайыз болатын. Қазір 95 пайызға жеткізді. Оған біраз уақыт қажет болды.

Бірқатар инвестор компаниялар таяу болашақта Қазақстаннан кетуге дайындалып жатқанын да айта кетейік. Олар 2019 жыл­дың басында Қазақстандағы жо­ба­ларға қатыспайтынын, біз­дің ел жемқорлыққа бейім ел­дер­дің қатарында екенін айтты. Инвесторлардың мұндай мәсе­лені ашық айтуы емес, тіпті ой­ға алуының өзі бізге абырой әпермейді. Үкімет бұдан қан­­­дай сабақ алғанын, қандай ұс­­та­нымда екенін білмеймін. Үкі­­мет­тің үнсіздігінің бір ұшы 1990-жыл­дардағы шетелдік инвес­­тор­лармен келісімшарттар себеп болды ма деп ойлаймын. Себебі біз оларға алғаш келген бойда ірі жобаларды сеніп тапсырдық. Құны жүздеген миллиард АҚШ долларына бағаланған жоба­лардың дәмі таңдайында қалған компаниялар 5-6 млрд тұратын жобаға қанағаттанбай отыр. 1990 жылдары бізге экономиканы оталдырып жіберу үшін инвесторлардың талабына саудаласпай келістік. Қазір қазақ Үкіметі мен инвесторлар арасында ірі сауда немесе келісімдер ойыны қайта жүріп жатыр. Қазақ Үкіметіне мемлекеттің мүд­десі, ұлттың мүддесіне мо­йын бұратын кез келді. Бұ­рын маман дайын болмады, нарық­тың тілін де, мәдениетін де тере­ңі­нен түсіне алмадық. 1990-жылдардың алғашқы жар­тысында біздің нарықтық эконо­ми­каға деген көзқарасымыз бен мәдениетіміз Қытайдан ала сөмкені толтырып тауар алып келумен ғана шектелді. Қазақ­станда мұнай өндірісіне 120 жылдан асты. Дегенмен, Мәс­кеуден басқарылған жылдарды, Қазақстанның мұнай-газ өндірісінің тарихы деп қарауға болмайды. 1990-жылдарға дейін мамандар Мәскеуден жіберіл­ді. Қазақ­станда дайындалған мамандар мойындалмады. Қазір мамандарды ұлттандыру қажеттігі жайлы қазақстандық бизнестің талабы орынды деп ойлаймын. Қазақ бизнесі мұнай-газ индус­триясын өз қолына алуы керек.

Соңғы 10-15 жылда шикі­зат­тық секторда қазақстандық үлес­ті арттыру мәселесі күн тәр­тібінен түскен емес. Үкіметтік деңгейде өткен жиындарда ескі мәліметтер мен ескірген есептер жиі айтылады. Біз 15-20 жыл бұрынғы же­тіс­тіктерді мақтан көріп, соның айналасын шиырлай береміз. 2020 жылға аяқ бастық. Қазақстан басқа бағытта даму керек.

– Қазақстандық компания­лардың аяғынан тұруына не кедергі?

– Бір мысал айтайын. Жо­ба­лау жұмыстарына қазақ­стан­­дық компаниялар қатыс­ты­рыл­май, жұмыс сыртта шетелдер­де дайындалады. Тіпті алда ат­қарылатын жұмыстардың бағы­ты туралы мәліметтер де қол­жетімді емес, сол себепті ал­дағы тендерлерге дайындалып үл­­гер­мейді. Ал шетелдіктер жо­ба­лау жұмыстарын жасағанда оған қандай компаниялардың қа­ты­сатынын алдын ала әзір­леп қояды. Олардың арасында қазақстандық компаниялар жоқ. Себебі біздің елдің компаниялары шетелдерде танымал емес. Іскерлік ортада олар жайлы мәліметтер аз. Әлемдік деңгейдегі тендерлерге қатысу үшін атағы соған сай шетелдік компаниялардың бірі кепілдік хат беруі керек. Ондай кепілдіктер біздің қолымызда жоқ.

Тағы бір кедергі – қаржылық кепілдіктің жетімсіздігі. Себебі шет­елдік компаниялардың тен­дер­лері аз дегенде 500 000 000 доллар деңгейінде өтеді. Тен­дерге қатысатын компания сол сома­ның 30 пайызын шетелдік «А» деңгейіндегі банктерге кепілге қоюы керек. Біздің қазақ­стан­дық банктердің бірде-бірі халық­аралық деңгейде мо­йын­дал­ма­ған. Қазақстанда тіркел­ген халық­аралық қаржы инс­ти­тут­тарын әлеуметтік бағдар­лама­­ларды қаржыландыру үшін ұс­тап отырмыз. Қазақстанда тіркел­ген халықаралық қаржы институт­тарының бизнеске пайдасы жоқ.

– Құны миллиардтармен ба­ғаланатын ірі жобаны қазақ­стандық инвесторға сеніп тапсырды дейік. Әрі қарай не болады? Бұл жоба тек қазақ­стандық мамандардың қатыстырылуымен жүзеге асады деп үміттенуге бола ма?

– Бұлай деп ойлауға мұнайшы ретінде менің де дәтім бармайды. Біздің де кемшін тұстарымыз көп. Мысалы, шетелдіктер жобаны алған кезде міндетті түр­де тех­никалық, технологиялық және экологиялық қауіпсіздікке басымдық береді. Олар үшін адам өмірінің қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға зиян келтірмеу бәрінен жоғары тұрады. Жоба барысында осы екі факторға зиян тиер болса, жұмысты тоқтатады. Бұл көзқарас біздің бизнес мәдениетіміз бен ұстанымымызға әлі сіңбей жатыр. Екіншіден, шетелдік инвестор үшін тапсырыс берген адамның ұсынысы – заң. Мысалы, 5 млрд АҚШ дол­ларына тапсырыс түсті делік. Шет­елдік инвестор бірінші ке­зек­те тапсырыс берушінің қар­жысын үнемдеуге тырысады. Мысалы, қазақстандық тараптың ұсынысын қабылдап алған шетел­дік инвестор «Сізге мына тұста бағаны дұрыс қоймапты, біз мұны сізге үнемдеу жолы ар­қылы мынадай төмен бағамен ұсы­на аламыз. Нәтижесінде, сіз ұсын­ған 5 млрд доллардан 1 млрд доллар үнемделеді» деген ұсы­ныспен шығады. Бұл жерде шетелдік инвестор тапсырыс берушінің қаржысын үнемдеу саясатына басымдық береді. Ал біздегі жағдай осыған кереғар. Шетелдік инвестор мен ұлттық инвестордың арасында осы тектес айырмашылықтар бар.

Алпауыт компаниялардың табыс формуласы бизнеске адал­дығымен өлшенеді. Себебі олар үшін компанияның атақ-абы­ройы жең ұшынан жалға­са­тын келісімшарттардан жоғары. Әр компанияның отбасы­лық құн­дылығы деген болады. Адалдығы мен қабілетін дәлел­деп тұрса есікті күзетіп тұрған күзетшісінің мүддесін де ескереді.

– 1990-жылдардағы келісім­шарт­тар ұзақ мерзімге жасалды. Сол құжаттардағы келісім­шарттарды біржақты, мысалы Қазақстан жағынан тоқтату мүмкіндігі қарастырылған ба?

– Қазір үзіп тастасақ, бізді әлем инвестицияға тұрақсыз ел деп танып, халықаралық деңгейдегі соттармен-ақ тұншықтырып тас­тайды. Бізге соңына дейін көніп, келісімшарттарды көрсетіл­­ген мерзімге дейін жеткізу керек. Басқа жол жоқ. Бұл да біз­дің бизнеске адалдығымызға және төзімділігімізге сын болмақ. Еуро­пада осыдан 4-5 жыл бұрын жұ­мыс істеген компаниялардың қазір жылды 4-5 млрд доллар табыспен аяқтап жүргенін көріп жүрміз. Шетелдік компаниялар мен біздің компанияның құқығы тең емес, олардың жеңіл­дігі көп. Себебі 1990-жылдарда шетел­дік инвесторларға «Сен өзің қала­ған компанияны біздің елге әкелу­ге құқылысың. Саған ұсынған жеңілдіктерді оған да ұсынамыз» деп келісіп қойғанбыз. Болашақта мұндай құжаттарға қол қойылған кезде бизнестің талабын ескеру керек. Көрпені де өзіңе көп тарта берсең, ертең әріптессіз қаласың. Сондықтан инвесторды үркітіп алмаудың барлық мүмкіндігін ойластыру керек.

– Жақында Ұлттық банкпен және екінші деңгейлі банк­­термен жер қойнауын пайда­лану­шыларға, қазақ­стан­дық мұнай сервистік ком­панияларға жеңіл несие­лер беруі немесе кепілдік беруі туралы алғашқы диалог өткіз­діңіздер. Нәтижесі қалай?

– Қазақстан бизнесінде еркін және жеңіл ақша жоқ. Банктерге тәуелдіміз. Еуропалық банктерге де шыға алмаймыз. Қазақстанда әлемдік деңгейде мойындалған компания жоқ. Еуропа компаниялары банктерінен 4 пайызбен несие алады, біздің компаниялар несиені 27 пайызбен алады. Сол себепті, ұлттық компанияларды жеңіл несиемен қамтама­сыз ету Ұлттық банктің басым бағыттарының бірі болуы керек. Бұл дүние жүзінде бар тәжірибе. Нәтижесі алда болуға тиіс.

– Қазақстандық мамандар «Теңіз» жобасында бас менед­жер деңгейіне көтеріле алмады. Бұл мәселе Мемлекет басшы­сы­­ның назарында. Маман­дар­­дың деңгейін көтеру жағы қалай?

– Мамандар қалыптасып келеді. Өсім бар. Орта деңгей­дегі мамандар көп. Бірақ жоба бас­қарып отырған мамандар аз. Жақында шетелдік компания­ның бірі қазақ жігітін жоба бас­қаруға көтерді. Бұл жігітті компания­ның өзі оқытты, өзі көтерді. Бо­ла­шақта жоба менеджері мек­тебінен өткен маман үлкен компанияларды басқара алады. Тек жоба менеджерлері емес, ірі оператор компанияларды да қазақ мамандары басқаратын кез келді.

– 2008 жылғы дағдарыстың толқынын ұмыта қоймадық. Қазір халықаралық нарықта соған ұқсас құбылу болуы мүмкін бе?

– 2008 жыл мемлекетті мұнай-газ өндірісін басқаша дамытуға, стратегиялық жоспарларды өз мүддемізге икемдеп алуға мүм­кіндік берген еді. Бірақ біз одан сабақ ала алмадық. Әлі күнге дейін инвесторлардың жетегінде келе жатқан мемлекеттердің қатарынан алыстаған жоқпыз. Сол жылдары «дағдарыстың бізге әсері аз болды» деген пікір­лер айтылып жүр. Мен онымен келіспеймін. Дағдарыстан ең алдымен отандық бизнес зардап шекті, инвесторлар мен транс­ұлт­тық компанияларға әсері аз болды. Бізге дағдарыс екі жағы­нан келді. Бірінші – мұнай арзан­дады, екіншіден теңге құнсыз­да­нып кетті. Күні бүгінге дейін 2008 жылға дейінгі бағамен жұ­мыс істеп келе жатқан компания­лар бар. Дегенмен, қазіргі әлемдік шикізат нарығында ондай жағдай қайталана қоймауға тиіс.

– Қытайда, АҚШ-та мұнай-газ са­ласында барлануға рұқ­сат бермейтін, болашақтың ен­шісі деп көзін бітеп тастаған кен орын­дары бар екен. Ертең келер ұрпақ алдында «сендерді келе­ді деп көп күттік, келмеген соң жеп қойдық» деп ұялып қалмаймыз ба?

– Біздің толқын тәуелсіздік тарихында «мешкей» ұрпақ болып қалатын шығар. Бірақ көңілді жұбататын жайт – мұнайға деген сұраныс ертең дәл бүгінгідей бола ма деген мәселе. Әлемде синтетикалық мұнаймен-ақ күн көріп, есебін айырып отырған елдер бар. Ертең мұнайды ығыстырып шығаратын өнім түрі пайда болады. Ол – ақиқат, заңдылық. Дәл қазіргі өлшеммен қарағанда пайда біздің жақта емес, оны мо­йындауымыз керек. Сондықтан түбінде адамзатқа қажеті болмай қалатын өнімнің пайдасын қазір молынан көргеніміз жөн шығар. Иә, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріміз бар, бірақ оған марқайып, арқаны кеңге салудың қажеті жоқ. Алда алар белестеріміз одан да артылып жатыр, соған жетудің қамын ойлауымыз керек.

Источник: https://egemen.kz/

Вернуться к списку