СМИ о нас

Қазақстандағы мұнай сервис саласындағы компанияларын қаржыландыру мәселелері кеше Алматыда дөңгелек үстел  басында талқыланды.   

Іс-шараны «Kazservice» қазақстандық мұнай сервис саласындағы компаниялар одағы ұйымдастырды. Одақ төрағасы Рашид Жақсылықов мұнай-газ саласында қазақстандық үлесті арттыру бағытында ғана емес, басқару менеджментіне қазақ мамандарын тарту мәселесі де кешеуілдеп жатқанын айтты.  Рашид Жақсылықовтың түсіндірінше, бұл ретте шетелдік компанияларды кінәлаудың реті жоқ екен. Олардың талабына сәйкес  мамандарды дайындай алмай отырған өзіміз. «Қазір шетелдік компаниялар мамандарды өз қаржысымен батыс елдерінің жоғары оқу орындарында дайындап жүр. Жақында сондай мамандардың бірі шетелдік мұнай компанияларының бірінде жобалау бағытындағы менеджер лауазымына өсті. Бұл фактор біздің қазақстандық жоғары оқу орындарын ойландыруы тиіс», дейді Рашид Жақсылықов.

Дөңгелек үстелге Энергетика министрлігінің, Ұлттық Банктің, даму институттарының өкілдері, сондай-ақ жетекші банктердің, халықаралық инвестициялық компаниялардың, Қазақстанның мұнай-газ операторлары мен мұнай сервистік компанияларының басшылары қатысты.

Бүгінгі таңда North Caspian Operating Company N.V. (НКОК), Теңізшевройл (ТШО) және Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В. (КПО) тәрізді ірі мұнай-газ операторлары жалпы сомасы 45 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыруда. Бұл операторлар нарықтың ірі тапсырыс берушілері болып табылады (барлық сатып алудың 75%), ал олардың сатып алу рәсімдері жабық режимде өтеді. Осы компаниялар бойынша мұнай сервистік қызметтерге қазақстандық бизнесті тарту үлесі 50% -дан аз.

Мұнай сервисі қызметтерінің жыл сайынғы айналымы бүгінгі күні кемінде 7 млрд АҚШ долларын құрайды, мұндағы отандық бизнестің үлесі орта есеппен алғанда 50-60%. Бүгінде мұнай сервистік компаниялар жергілікті бизнесті несиелендіру кезінде ЕДБ тарапынан жоғары талаптар мен кепілдіктердің қойылуы, банктердің өтімділігінің жетіспеушілігі және отандық бизнестің өтініштерін ұзақ қарастыру тәрізді проблемалармен жиі кезеседі.

Сондай-ақ ЕДБ басшылары кредит беру, қаржылық кепілдіктер алу бойынша құралдарды ұсынды, инвестициялық компаниялар қосымша қаражат тарту жолдары туралы әңгімеледі, мұнай сервистік компаниялары ірі мұнай компанияларының тендерлеріне қатысу барысында жиі тап болатын қаржылық қамтамасыз ету бойынша проблемалары мен ұсыныстарын жиналғандардың назарына ұсынды.

Источник: https://egemen.kz/article/212277-almatyda-munay-servis-maselesin-talqylady

Вернуться к списку